Мекен-жайы: ҚР, 050009, Алматы қаласы, Абай даңғылы,143 үй, 4 қабат, 409 офис
Тел/факс:
8 (727) 394-38-32, 385-74-67
БАСПАГЕР ҒАЛЫМ

Қала мешіттері мен діни оқу орындарына жалпы құны 5 миллион тұратын әлеуметтік маңызы бар кітаптар жиынтығын сыйлады

Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиет­тердің бірі. Жаны жомарт, қолы ашық адамдардың несібесін Ұлы Жаратушы еселей түседі деседі. Біреу мұқтаж жандарға үй салып береді, біреу көлік сыйлап жатады. Енді біреулер жан жарасы жаралы азамат­тарға демеу болып, олар­дың қатарға тұруына қол­ұшын беріп жатады.

Қайырымдылықтың, сый-құрметтің түрі көп. Сондай құн­дылықтың бірі – кітапханаға кітап сыйлау. Жыл сайын олар­дың есімін, кітаптардың тізімін «кітапханалық ақпарат» стенді­лерінен оқуға болады. Алайда, бұл жолғы сыйдың құрметі ерек­ше болып отыр. Қасиетті Рамазан айының соңғы күнінде белгілі ғалым, «Арыс» қоры мен аталмыш баспаның президенті Ғарифолла Әнес Алматы қала­сында орналас­қан республикалық имамдар білімін жетілдіру инсти­туты мен Әбу Ханифа медресесіне және 3 мешітке жалпы құны 5 миллион тұратын әлеуметтік маңызы бар кітаптар жиынтығын сыйлады.

Бұл рухани дүниелер имам­дарға білім алуда, инклюзивті білім ұстанымдарын жүзеге асыруда, сондай-ақ, олардың кәсіби шыңдалуына ықпал етуіне септігін тигізері анық.

Мәдени шара аясында про­фессор Әнес Ғарифолла сөз сөйлеп, істің мән-мағынасын түсіндіріп өтті.

– Рухани жаңғыру дегеніміз – адамзаттың бүкіл болмысын өзгерту деген сөз. Біздің өмір сүру дағдымыз осыған арналған, демек, бұл маңызды мәселеге жауапты беріп тұрғандай.

ХХІ ғасыр – түрлі ақпарат­тардың ешқандай кедергісіз тасымалданып жатқан уақыты. Одан ешкім тысқары қалмауы тиіс. Сондықтан біздің баспа мамандардың интеллектуалдық ой-өрісін көтеруге, білімін шың­дауға ықпал етуді парыз санап отыр. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.

Бәсекеге төтеп берудің бас­тауында сапалы білім алу тұра­тыны белгілі. Имамдар уақыт сұранысына жауап беретіндей білімді болуы тиіс. Техноло­гия­лардың қарқынды дамыған зама­нында күн сайынғы өзгерістердің өкілдерінен жаңашылдықты талап етумен қатар, уақыт жылдам­дығына сай білім сапасын да жедел толықтырып отыруды қажет етеді. Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанындай, табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім екенін әркім жете түсінуі тиіс. Сондықтан әрбір қоғам мүшесі, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.

«Рухани жаңғыру» бағдарла­масының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарлығын одан әрі арттыру. Оның негізінде білім беру арқылы тұлғаның дамуы жатыр. Жаңа білім беру парадигмасында дін өкілдері діни ықпал ету нысаны  емес, оқу үрдісін ұйымдас­тыру­дың жаңа зайырлы формалары арқылы қарапайым репродук­циядан тыс талапкерлермен жанды диалогқа түсетін таным іс-әрекетінің белсенді субъектісі. Демек, діни орталықтарды рухани жағынан жаңғыртып, оларды қазіргі заманғы білім орталық­тарына айналдыру керек, – деді Ғарифолла Әнес.

Баспагердің бұл ойын фи­лология ғылымының докторы, профессор, Египет Ислам  уни­вер­ситетінің бірінші проректоры Шамшәдин Керім, Әбу-Ханифа медресесінің директоры, Бәйкен мешітінің бас имамы Құлмұхамед Махамбет жалғастырып, бұл бастаманың игілігі мен тағы­лымдылығын атап өтті.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

«Алматы-ақшамы» қоғамдық-саяси газеті.

Тел/факс: 8 (727) 394-38-32, 385-74-67
Email: arys-kz@mail.ru, anes_gk@mail.ru
Мекен-жайы: ҚР, Алматы қаласы,
Абай даңғылы,143 үй, 4 қабат