«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп, «Men qoldaimyn» шарасы аясында «Qazaq kitaptary 1929-1940» атты латын әліпбиімен жазылған кітаптардың көрмесін ұйымдастырды. Шараға аталмыш қозғалыс кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев және кітапхана директорының орынбасары Әлия Қожабекова қатысты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру бастамасына қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылған көрмеге қазақ зиялы қауым өкілдерінің 1929-1940 жылдары шыққан еңбектері қойылды. Сонымен қатар оған келгендер шетелдік ақын-жазушылардың еңбектерімен танысты.
Елбасы: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап өткен болатын.
Латын әліпбиі негізіндегі қазақ әліпбиін жасау идеясын отандық ғалымдармен қатар шетелдік ғалымдар қолдады. Қазіргі уақытта қоғам талқысына кеңінен салынып, халық тарапынан қолдау тапқан бастамаға «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы да үн қосып отыр.