Қала мешіттері мен діни оқу орындарына жалпы құны 5 миллион тұратын әлеуметтік маңызы бар кітаптар жиынтығын сыйлады
Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жаны жомарт, қолы ашық адамдардың несібесін Ұлы Жаратушы еселей түседі деседі. Біреу мұқтаж жандарға үй салып береді, біреу көлік сыйлап жатады. Енді біреулер жан жарасы жаралы азаматтарға демеу болып, олардың қатарға тұруына қолұшын беріп жатады.
Қайырымдылықтың, сый-құрметтің түрі көп. Сондай құндылықтың бірі – кітапханаға кітап сыйлау. Жыл сайын олардың есімін, кітаптардың тізімін «кітапханалық ақпарат» стенділерінен оқуға болады. Алайда, бұл жолғы сыйдың құрметі ерекше болып отыр. Қасиетті Рамазан айының соңғы күнінде белгілі ғалым, «Арыс» қоры мен аталмыш баспаның президенті Ғарифолла Әнес Алматы қаласында орналасқан республикалық имамдар білімін жетілдіру институты мен Әбу Ханифа медресесіне және 3 мешітке жалпы құны 5 миллион тұратын әлеуметтік маңызы бар кітаптар жиынтығын сыйлады.
Бұл рухани дүниелер имамдарға білім алуда, инклюзивті білім ұстанымдарын жүзеге асыруда, сондай-ақ, олардың кәсіби шыңдалуына ықпал етуіне септігін тигізері анық.
Мәдени шара аясында профессор Әнес Ғарифолла сөз сөйлеп, істің мән-мағынасын түсіндіріп өтті.
– Рухани жаңғыру дегеніміз – адамзаттың бүкіл болмысын өзгерту деген сөз. Біздің өмір сүру дағдымыз осыған арналған, демек, бұл маңызды мәселеге жауапты беріп тұрғандай.
ХХІ ғасыр – түрлі ақпараттардың ешқандай кедергісіз тасымалданып жатқан уақыты. Одан ешкім тысқары қалмауы тиіс. Сондықтан біздің баспа мамандардың интеллектуалдық ой-өрісін көтеруге, білімін шыңдауға ықпал етуді парыз санап отыр. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Бәсекеге төтеп берудің бастауында сапалы білім алу тұратыны белгілі. Имамдар уақыт сұранысына жауап беретіндей білімді болуы тиіс. Технологиялардың қарқынды дамыған заманында күн сайынғы өзгерістердің өкілдерінен жаңашылдықты талап етумен қатар, уақыт жылдамдығына сай білім сапасын да жедел толықтырып отыруды қажет етеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанындай, табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім екенін әркім жете түсінуі тиіс. Сондықтан әрбір қоғам мүшесі, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарлығын одан әрі арттыру. Оның негізінде білім беру арқылы тұлғаның дамуы жатыр. Жаңа білім беру парадигмасында дін өкілдері діни ықпал ету нысаны емес, оқу үрдісін ұйымдастырудың жаңа зайырлы формалары арқылы қарапайым репродукциядан тыс талапкерлермен жанды диалогқа түсетін таным іс-әрекетінің белсенді субъектісі. Демек, діни орталықтарды рухани жағынан жаңғыртып, оларды қазіргі заманғы білім орталықтарына айналдыру керек, – деді Ғарифолла Әнес.
Баспагердің бұл ойын филология ғылымының докторы, профессор, Египет Ислам университетінің бірінші проректоры Шамшәдин Керім, Әбу-Ханифа медресесінің директоры, Бәйкен мешітінің бас имамы Құлмұхамед Махамбет жалғастырып, бұл бастаманың игілігі мен тағылымдылығын атап өтті.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ